Арнадағы хикая, бір реттік медиа және т.б.

Read the original announcement in English
Арнадағы хикая, хикаяңыздағы музыка және т.б.

Өткен айда Telegram-ның 10 жылдығын хикая мүмкіндігімен атап өттік. Бұл жаңартумен жаңа дауыс беру жүйесінің арқасында арналар да хикаялар жариялай алады. Сондай-ақ хикаяларға реакция стикерлері мен жеке музыканы қосу мүмкіндігі пайда болды. Өздігінен жойылатын медиафайлдарға «Бірден» функциясын, кіру жайлы жақсартылған мәлімдемелерді және басына қарбыз киген мысықтар бейнеленген бірнеше хикая қостық.

Арна хикаясы

Telegram қолданушылары сүйікті арналарына дауыс беру арқылы оларға хикая жариялау мүмкіндігін сыйлай алады. Енді Telegram Premium жазылымына кез келген арнаға беруге болатын 4 дауыс кіреді.

Арналар көбірек дауыс жинаған сайын деңгейлерін көтереді, әр деңгей үшін олар жазылушылардың таспасына күніне қосымша 1 хикая жариялай алады. Тағы да шешімді қолданушылар қабылдайды: қай арна әкімшісі олардың таспасын тамақ суретімен толтыратынын және күніне неше рет «ас ішетінін» өздері шешеді!

Қолданушылар дауысты басқа арнаға ауыстырмайынша, ол сол арнада қала береді. Сондықтан жарияланған хикаялар қызықты болғаны абзал.

Арналар өз жазылушыларынан t.me/durov?boost сияқты арнайы сілтеме арқылы дауыс сұрай алады (тизер-трейлер де артық етпейді). Өз арнаңыздың дауыс сілтемесін алу және келесі деңгейге қанша қалғанын көру үшін: Арна ақпары → Тағы → Статистика → Дауыс бөліміне өтіңіз. 10-шы деңгейге жету арнаңызға тролльдерге қарсы +15 төзімділік береді және әкімшілер үшін бірегей скиндерді ашады.

Арна әкімшісі хикая жариялай алады

Арнаңыз хикая жариялау құқығын алғаннан кейін, тиісті рұқсаты және Telegram Premium жазылымы бар әкімшілер «Арна ақпары» бетіндегі Post Story Icon басу арқылы хикая сала алады.

Әкімшілер чат тізімінен хикая салғанда «Хикая жариялаушы» деген таңдауды көреді. (Оларға кеспенің суретін қайда жіберіп жатқанын тексеруді ескертіп қойыңыз.)

Хикаядағы реакция стикерлері

Қолданушылар да, арналар да өз хикаясына реакция стикерлерін қоса алады, бұл көрермендерге бір рет басу арқылы эмоджимен жауап беруге мүмкіндік береді. Арналар жариялаған хикаяларда әр эмоцияны қанша адам таңдағанын көрсететін реакция санағыштары шығады. (Иә, медуза мен бұланды да «эмоция» деп есептеуге болады 🙄)

Реакция стикерін қосу үшін стикерлер тақтасындағы 💭 таңбасын басып, терезедегі ондаған нұсқаның ішінен эмоджи таңдаңыз. Premium жазылушылары кез келген жеке эмоджилерін де қолдана алады. Тек жалқау аңды қолдануға болмайды. Ешкімге болмайды, ескертіп қояйық!

Әркім әр хикаяға 1 реакция стикерін қоса алады, ал Premium қолданушылары 5-ке дейін қоса алады.

Хикаяңыздағы музыка

Құрылғыңыздағы аудиофайлдарды сурет пен бейне хикаяларда қолдануға болады, бұл авторлық саундтрек, әңгіме және нағыз «рикролл» жасауға мүмкіндік береді.

Стикерлер тақтасынан «Аудио» батырмасын басып, файлды таңдаңыз, сосын қажетті үзіндіні реттеңіз. Бейне хикаяларда түпнұсқа дыбысты сақтай отырып, қосылған аудионы кез келген жерге, мысалы: ортасына «БА-ДУМММ-ТСССС!» деп немесе соңына ауыстыра аласыз.

Бір реттік медиа

Telegram өздігінен жойылатын медиафайлдарды сонау 2013 жылы қосқан болатын. Енді оны қолдану оңайырақ, дизайны жаңа және «Бірден» жою функциясы бар.

Кез келген жеке чатта медиа өңдегіштегі the View Once Icon басу арқылы сурет немесе бейненің ашылғаннан кейін қанша уақыт көрінетінін таңдай аласыз, Бірден бастап 30 секундқа дейін. Бірден көрілген медианы алушы оны ашқаннан кейін чаттан біржола жойылады.

Барлық өздігінен жойылатын медиафайл сияқты, бір рет көрілетін файлдарды да сақтау немесе скриншот жасау мүмкін емес. Сондай-ақ біз эйдетикалық жады бар адамдарды «бейтараптандыру» тырысамыз (күннен қорғайтын көзілдірік киіп алмаса болғаны).

Жаңа кіру жайлы мәлімдеме

Біреу тіркелгіңізге кірген сайын Telegram барлық құрылғыңызға мәлімдеме жібереді. Бұл ескерту бұрынғыдан да байқалуы үшін, жаңа кірулер енді чат тізімінің ең жоғарғы жағында көрсетіледі. Ешқандай қысымсыз-ақ…

Жаңа құрылғыда сіз кірмесеңіз, тіркелгіңізді дереу қорғау үшін «Жоқ, мен емес!» батырмасын басыңыз. Тек жексенбі күні таңертең асығыс шешім қабылдамасаңыз болғаны.

Қазіргі уақытта хаттарыңызға кіру мүмкіндігі бар барлық құрылғыларды Баптау → Құрылғы бөлімінен тексере аласыз.

Қосымша қорғаныс үшін Баптау → Құпиялық пен қауіпсіздік → Екі сатылы растау бөлімінде екі сатылы растау құпиясөзін қосуды ұсынамыз.

Чаттарға кіру үшін Telegram-ға кіргеннен басқа ешқашан сеанс кодтарын немесе құпиясөзді ешқайда енгізбеңіз!

Және тағы

Әзірлеушілер сонымен қатар ондаған қателерді түзетіп, оңтайландыру жұмыстарын жүргізді. iOS қолданушылары бейне жіберудің жақсарғанын байқайды, енді ол жылдамырақ және үдеріс жолағы дәлірек. Android қолданушылары жасырын анимацияларын, соның ішінде бір рет көрілетін және жасырын медианы көру кезінде өнімділіктің артқанын сезеді. Ал Blackberry және Windows Phone қолданушылары өздерінің соңғы онжылдықта «құрып кеткендерін» байқайды.


Бүгінге осы, сіздер арна хикаяларын тамашалап жатқанда, біз келесі жаңартумен айналысамыз. Астарыңыз дәмді болсын!


2023 жылы 22 қыркүйек
Telegram командасы

Басқа жаңалықтар